Проектілерге
Астанадағы «Бейбітшілік қабырғасы»
Проект туралы

29 тамыз күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен монументтің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бейбітшілік қабырғасы — Ақтөбе облысының Астананың 20 жылдық мерейтойына жасаған тартуы.⠀
«Біздің еліміздің „Атом қаруына қарсы тұрған бүкіл елдердің көшбасшысы“ деген атағы бар. Оны біз орындап келеміз. Астанамыз көп халықаралық ұйымдардың кездесетін, мәселелер шешілетін жері болды. Бүгін міне үлкен монумент ашылып отыр. Бұл ақтөбеліктердің Астананың 20 жылдығына жасаған сыйлығы. Бұл монументтің символы — біз дүние жүзіне, адамзатқа атом қаруына қарсы күресу керек деп, келер ұрпаққа ұмытпаңдар деп жар салуымыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.⠀
Монумент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік. XXI ғасыр» атты антиядролық манифесінің идеясына негізделіп салынды.⠀
Оның құрылысын жүргізген BI Group холдингіне еншілес BI Civil Construction компаниясының бас директоры Виктор Богма:⠀
«Бір жағынан, бұл ядролық қарудан бас тартуды білдіретін ескерткіш болса, екінші жағынан IT-технологиялар қолданылған әлеуметтік арт-ғимарат. Бұған ұқсас ғимарат Қазақстанда жоқ. Тіпті Ресейдегі құрылыс құрылымдарын монтаждаумен айналысатын танымал „Курганстальмост“ компаниясының мамандары мұндай күрделі жобаға бірінші рет тап болып отыр»⠀
Монумент ұзындығы — 97,8 м, ені — 18,4 м, биіктігі — 17,5 м. Онда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» сөзі жазылған. «Бейбітшілік қабырғасының» корпусы беріктігі жоғары болаттан жасалған. Монумент құрылысына 1200 тонна гранит қолданылды.⠀ Ғимараттың төбесіндегі панельдерге 600 шаршы метр LED-экрандар орнатылды, ол 2,5 млн жарық диодтардан тұрады. Оның көмегімен сандық суреттерді экраннан тамашалауға болады. Енді бұл жер мерекелік-лазерлік шоулар өтетін елордамыздың бірден-бір көрікті орнына айналмақ.⠀
Айта кету керек, құны 1,8 млрд теңге тұратын «Бейбітшілік қабырғасы» Ақтөбе облысындағы ұлттық компаниялардың, кәсіпкерлердің қаржысына салынған, олардың арасында ERG, «ҚазМұнайГаз» АҚ және BI Group.